Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Қызылорда облысы

Көненің көзі, ауылдың ажары

Көненің көзі, ауылдың ажары

Жолыңыз түсіп Жалағаш ауданының «Таң» ауылына бара қалсаңыз, қақ ортадағы биіктің басына салынған екі мұнаралы қыштан өрілген көркем мешітке көзіңіз түседі.Бұл Әбжәли ишан мешіті ,халық солай атайды.

Ол кісі шамамен 1872-1874 жылдары  Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы,қазіргі Мырзабай ахун ауылы төңірегінде дүниеге келген. Әбжәли діни сауатын әкесінің ағасы Мырзабай ахуннан ашады. «Көкілташ» медресесінде он төрт жыл оқыған Әбжали Қалымбетұлы ишан атағын алған.Шыққан тегі Керейт руының Арбалы аталығынан.Азамат есімді кісіден Мырзабай және Қалымбет туады.Әбжәли-Қалымбеттің баласы.  Әбжәлиді Мырзабай ахун жастайынан бауырына басып, өзі тәрбиелеп өсіреді.

     1920 жылдары жұртының қамын ойлаған руы Ақбет Керейт Сегізбай би алланың имандылық үйі мешіт салдыруды ойластырады. Сөйтіп сол маңайдағы «Ұмтыл», «Қызылсая», «Таң» колхоздары тұрғындарын мешіт салуға үгіттейді. Мешіт тұрғызуға келісілген соң, Сегізбай би мешіт салатын ұстаны Ақмешіт қаласынан алдырған деседі. Бір деректерде мешіт ғимаратын ақмешіттік Нұрмұхаммед деген ұста салған десе, екінші деректерде руы Жартай-Керейт Нұрпейіс деген ұста тұрғызған делінеді. Біз білетін деректер бойынша 1921 жылы Өтесұлы Нұрпейіс ұста Шәкіманұлы Байарыстан деген көмекшісі екеуі болашақ мешіт орнын анықтап, қажетті құрылыс заттарын пысықтап, кірпіш күйдіретін шағын зауыт құрылысын бастап кетеді.(Зауыттың орны 1960 жылдарға дейін жатты.Біз оны көзімізбен көрдік. Т. Е.) Жоғарыда аталған үш ауылдың қарулы жігіттері кезектесіп асарға келіп тұрады. Оларға негізінен балшық жатқызу, кесек құю секілді ауыр жұмыстар жүктеледі. Кесекті жергілікті саз құмнан құйып, шеге құмға илеп-шайып, кепкен соң шеңгелмен қыздырылған пеште бірнеше күн пісіріп-күйдірген.Жұмыс  атқарушылардың тамағы үшін әр үйден 1 пұт астық пен 1 уақ малдан жиналады. Сол елдің ауқатты азаматтары Тауұлы Итемір, Қоқыбайұлы Сейтжан, Нұрымбетұлы Жұма, Мәмбетұлы Бедер және Сегізбай би бас болып мешітке сауын биеден береді .Осы аттары аталған кісілердің ішінде Қоқыбай ұлы Сейітжан ақасақалды көзіміз көрді. (1950 жылдары қыстық соғымның  аяғына таман  «осы үйде бір омыртқамыз сақтаулы шығар,-«деп ауылдың шалдарын соңына ертіп біздің үйге келіп, түстеніп кететіні есімде қалыпты.Сейтжан ақсақал Сыр бойына атағы мәшһүр Қоқыбай сейістің баласы екенін білеміз.Қоқыбай атамыз болыс болған, бірақ тарихта атағы ат сейістікпен қалған дара тұлға.Т.Е)

     1924 жылы мешіт ғимараты салынып бітеді сонымен қатар қосымша құрылыстары да сапалы аяқталады. Ұсталардың еңбек ақысына келісілген 300 бас уақ мал төленеді.1924-1927 жылдары жоғарыда атаған үш ауылдың балаларына осы мешітте Әбжәли ишаннан  дәріс береді.. Әбжәлидің інісі Әбдіғаппар қари  мешіттің шырақшысы қызметін  атқарыпты..

       Әбдіғаппар қаридың Үндістан деген қызы осы мақала авторымен «Таң»жетіжылдық мектебінде бір сыныпта оқыды және Сақыпжамал деген қызы болды..Әбдіғаппар қаридың әйелі Қалила әжеміз ірі, қарулы кісі еді.Кейінірек олар Мырзабай ахун ауылына көшіп кетті.Абай деген ер баласын кейін 1980  жылы сол ауылға қызмет бабымен барғанымда танып, білдім..

       Қалымбетқызы Бибі патымадан туған Сахладдиннің баласы Бүркітбай Доспанов көп жылдардан бері «Таң» ауылындағы №118 орта мектептің директоры,тағы бір жиеншары Таңатар Доспаноы ішкі істер саласында қызмет етіп, полиция полковнигі шенін алып отставкаға шығып,бүгінгі күндері Жалағаш ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүр.

    «Дін –апиын» деп, халықты теріске бұрмалағысы келген кеңес үкіметінің  атеистік идеологиясына қарамастан ел адамдары  мұсылманшылық жолдан айныған емес. Ата-бабаларымыздың ежелгі салт дәстүрін жалғастырып, діни жоралғылар жалғасын тауып жатты...

      1929 жылы Әбжәли ишан мешіті мемлекет меншігіне  алынған.  1931 жылы зәулім мұнарасы бұзылып, кірпіштері қосымша бөлмелер салуға пайдаланылады. Бұл жерде мектеп-интернат ашылады.. Ашаршылық жылдары Қармақшы, Жалағаш ауданы төңірегіндегі әке-шешелері  өліп, тұлдыр жетім қалған  балалар осында тәрбиеленіп, мемлекеттің бөлген «прод помышы» арқасында аштық шеңгелінен аман қалады. Мектеп-интернатқа Жүсіпұлы Омар (руы шөмішті керейт, менің әкем Есжанұлы Әубәкірдің немере ағасы Т.Е.) басшылық жасайды.Менің әжем Рабиға Құдайбергенқызы интернат  балаларына ас дайындаушы,әкем пионер вожатый болыпты. Омар әкеміз өзі сұранып, майданға кетіп,1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Омар Жүсіпұлынан Тельман деген бір бала қалады.Ол нағашысы Әбсадықтың тәрбиесінде болып,осы күнгі Мырзабай ахун ауылында өсіп,елге сыйлы азамат болғанын көзіміз көрді.Тельман ағамыз Сайлаукүл жеңгеміз екеуі 10 бала тәрбиелеп өсіріп, 2014 жылы дүниеден озды.Сайлаукүл жеңгеміз қазір бар.

     Әбжәли ишан ешбір қылмысы болмаса да 1934 жылға дейін бір мәрте, 1934 жылы екінші рет (неше жыл қамауда отырғандығы белгісіз) қамауға алынып, көптеген қиыншылықтарды басынан өткереді...

      2012 жылы  95 жасқа келіп, өмірден озған менің әкем Әубәкірдің мына бір әңгімесін тақырыпқа сұранып тұрғасын бере кеткім келді: »1933 жыл, желтоқсан айының аяқ жағы болатын.Мешіт жанындағы мектеп-интернат екінші жыл жұмыс істеп жатқан.Интернат меңгерушісі Омар ағам жетім балаларға бар мүмкіндігінше жағдай жасады.Орал жағында оқып, тәрбие алған  оның білмейтіні жоқ әрі оң қолынан өнері тамған ұста кісі еді, Ел әлі көріп, білмеген орыс моншасын салды. Аптасына бір рет сол моншаға интернат балаларын  түсіріп, тазалықтарына қарайтын.Бірін айтып біріне кетпейін, менің 16 жастағы кезім, интернатта пионер вожатыймын. Бір күні «Әдебиет» колхозы жағынан есекке мінгескен шал мен бала және қызыл жағалы милиция қызметкері келді. Шалды түсірді де бала еш бөгелместен келген ізімен кері қайтты.Қария мешіттің  есігі алдында үнсіз отырып қалды.Милиция қызметкері Омар ағаммен оңаша сөйлесті...Сәлден кейін ағам торыалаяқ атқа ер салды.Мені шақырып алып,»мына ақсақалды »Қаракеткен» стансасына жеткізіп саласың, қайтуда байқап жүр»деп тапсырды.Шалды атқа отырғызып, артына мінгестім.Қызыл жағалы жаяу,аттың шылауынан ұстап жүріп отырды.Жас шамасы 25-30-дардағы қазақ жігітінің түрі сұсты,беліне таққан наганын ұстап-ұстап қояды.

Стансаға 5-6 шақырымдай қалғанда милиционер:»Тоқтаңдар, түзге шығып аламын»,-деді де наганын суырып алып,бізге қарата кезеніп:» қозғалмай тұрыңдар,қозғалсаңдар атамын»,-деп қорқытты.Мына сөзге жыным келді де:

-Әке, оның айтқанын қайтеміз, торы алаяққа бір қамшы салсақ,қала бермей ме ышқырын ұстап,-дедім.

-Жоқ балам, жазу осылай болса, мұнан қашып құтылуға болмайды,-деп күрсінгендей болды алдымдағы кісі.

Станса жанына келіп аттан түстік.Сол жердегі бір ағашқа атымды байлап,түйіншегін иығыма салып алып, вокзалға қарай беттедік.Белін жазып,  жайғасқасын, ақсақал маған батасын беріп,тезірек қайтуымды сұрады.Аяныштан көңілім бұзылды.Ата қонған соң,көзімнің жасын тыя алмадым.Қамшыммен торыалаяқтың сауырынан бір тартым да, құйындата шаптым.Қыстың тымырсық аязы көз жасымды иегіме жеткізбей қатырып жатқанын сезгенім жоқ.

Кейін Омар ағамның айтуынша менің «Қаракеткенге» апарып салған кісім екінші рет ұсталып бара жатқан ауыл ортасындағы мешіттің имамы болған Әбжәли ишан екен»

      Әбжәли ишан екі әйел алған Бәйбішесі қарақалпақ қызы Сәуледен Алуаддин,Баһуаддин деген екі ұл және Сафура деген қыз дүниеге келеді.Екі баласы да 1939 жылғы Финляндиямен болған соғыста қаза табады.Сафурадан Досбол, Күләш туылады.Екінші әйелі Қатирадан Сәруфа атты қыз, одан екі ұл, алты қыз тарайды екен...

     Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөнінідегі мемлекеттік мекемесінің деректі материалында жазылғандай Әбжәли ишан үшінші рет 1937 жылдың маусым айында қамауға алынады. Бұл туралы  1904 жылы туылып, 1972 жылы қайтыс болған Досқызы Қатира әжеміздің естелігін келтіріпті: «Қауын қызғалдақтап тұрған кез, салт атты үш НКВД қызметкерлері келіп: –Әбеке, біз тағы да келдік. Бізбен бірге жүріңіз, - деді. Қожайыным: –Жарайды. Мен, қамаудан қорықпаймын және ешқайда да қашпаймын. Отбасыммен қоштасуға мұрсат беріңіздер, - деді де, бесікте жатқан Сәруфаны көтеріп алып, бетінен сүйіп, иіскеп, одан соң менің маңдайымнан сүйіп тұрып, – Иншалла, келсем он сегіз жыл өткен соң келермін, келмесем қырық жылдан соң ақиретте кездесерміз, - деп, әлгілердің жетегінде кете барды. Мен болсам емізулі баламды құшағыма алып, солардың артынан жаяулатып ере бердім. Біраз жүрген соң жолда ат арбалы, сақалды кісі тоқтап, арбасына мінгізіп алды. Ол кісі бізді Қызылорданың бергі шетіндегі түрме жақта тұратын Базар деген апайдың үйіне әкеп тастады да, өзі ғайып боп кетті. Бізге жақсылық жасаған сол кісі кім болды екен деп, кейін есімді жиған соң көп ойландым. Ол кездері ат арба деген тек үлкен қалаларда болмаса, басқа жерлерде мүлдем жоқ кез. Шамасы, бізді осында алып келген ахун (Мырзабай) атамыздың әруағы болса керек. Әйтпесе, Базар апамыздың бұнда тұрып жатқандығын да біз білмейтін едік. Сонымен не керек, қызым екеуіміз Базар апаның үйінде тұрақтап қалдық. Себебі ауылдастарымыз, ағайын-туыс, көрші-көлем бізбен араласуға, сөйлесуге қорқатын. Жұбайымды ұстап берген де өз ауылымыздың белсенділері еді. Базар апаныі кезінде Мырзабай ахун тауып алып өз қызындай тәрбиелеп, өсірген. Ахун қайнаға, «қанша дегенменде бұл қыздың сүйегі бөлек қой» деп, Байсұғылұлы Төремұрат деген інісіне қосады. Жаугершілік кезінде шабылған бір ауылға тап болған Мырзабай ахун төңкеріліп жатқан қазан астынан іңгәлаған бала дауысын естіп қазанды көтерсе, астында қыз бала жылап жатыр екен. Байғұс анасы, елді жау шапқан кезде, «өзім өлсем де балам тірі қалсын» деп, еңбектеулі баласын қазан астына жасырып үлгірген екен. Ахун  қыз есімін Базар деп өзі қойыпты..

      Қожайыным қамауға алынып арада төрт жыл өткеннен соң хат келді. Ол кездері есік алдындағы жыңғыл, шеңгел түбіне қой-ешкілерімізді сауып алатынбыз. Жыңғыл көлеңкесіне ешкі сауып отырған кезімде алба-жұлба киінген бір кісі келіп, әбден көнерген шинель жағасының ұшындағы тігісін тістеп-тістеп жіптерін үзіп, киіз жағасы мен мата арасынан бір жапырақ қағазды алып қолыма береді де өзі үн қатпастан кетіп қалды. Ашып оқысам, «Қайда, немен кетіп бара жатқанымды білмеймін. Темір торлы, бөшке секілді, қараңғы қапастың ішіндеміз. Ештеңе естілмейді. Кеменің іші ме әлде басқа ма білмедім. Қош, аман-саулықта болыңыздар» деген, хатын оқыдым. Содан соң қожайынымнан еш хабар-ошар болмаған» деп туған қызы Сәруфаға айтып кеткен екен.

      Заманның қиын-қыстау кезінде басын бәйгеге тігіп, өміріне төнген қауіп-қатерге қарамастан алланың ақ жолын елге насихаттап,ақыры осы жолда бақилық болған Қалымбетұлы Әбжәли ишанның қызметі кешеден бүгінге жетіп, ол кісі туралы жазу -тәуелсіздігіміздің арқасы десек қателеспейміз.

1989 жылдың 22 наурызы күні Әбжәли ишанның мешіті жанынан бірнеше қараша үйлер тігіп,көп жылдар бойы тоқтап қалған наурыз мерекесін атап өткен едік. 1993 жылы  «Таң» кеңшарының тұрғын үй комуналдық бөлімі  мүмкіндігі келгенше  мешітті жеңіл жөндеуден өткізді.. Ал,2012 жылы қайта тіркеуден өткізілген «Әбжәли ишан» мешітіне «Таң ЛТД» ЖШС директоры Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы демеушілік жасап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді.Ортасында қос мұнаралы қасиетті мешіті бар «Таң» шаруашылығы бүгінде өсіп-өркендеп, аймағымызға белгілі ауыл болып отыр.

басқа жаңалықтар