Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Қызылорда облысы

Күрең қасқа құнанның оқиғасы

Күрең қасқа құнанның оқиғасы

«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан не өтпеді десеңші?! Сондай ел тарихында өзінің зобалаң оқиғаларымен ізін қалдырған, өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында жаппай жүргізілген ұжымдастыру, жеке малдарын қоғамға тәркілеуден  ашаршылыққа ұшыраған нәубетті бүгінгі ұрпақ естерінен шығармаулары керек. «Өткенге салауат, қалғанға берекет» деген кезең келгенімен, біздің аға ұрпақ бастан кешірген қилы заман оқиғалары еліміздің тарихынан өз орнын алулары тиісті.

Дүниені дүр сілкіндірген, жаңа қоғам орнатуда қайғысы мен қасіретін бірге әкелген, бүгінгі тәуелсіз еліміздің негізін қалаған аға  ұрпақ өкілдері туралы жағдай көтеріп жатса тарихи дастандар жазса да артық болмас.Алысқа бармай-ақ, өз топырағымызда туып- өскен, өткен ғасырдың 30 жылдарында сұрапыл заманда қызметтес, тағдырлас болған, «Ер қанаты-ат» дегендей, екі азаматтың өміріне күрең қасқа аттың себепкер болғанын ұрпақтары білсін деген оймен баяндауды жөн көрдім. Сол бір оқиғаны әкем марқұм айтып еді . «Асыра сілтеу болмасын. аша тұяқ қалмасын» науқаны аяқталғаннан кейін, «құныққан қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, енді «халықта қалған асыл заттар мен бағалы дүниелер бар, соларды тәркілеу керек» деген науқаншылық басталды. Бұл санатқа  күнкөрісі орта және  ауқатты отбасылар да ілінді. Сондай жанұялардың ішінде біздің отбасыларымыз да болды. Дін жолын берік ұстаған Айтуар кәлпе әкемізден тараған ағам Дүйсенбай, қоғамдық жұмысқа ерте араласқан ұжым басшыларының бірі ағам Бисенбай ауқатты шаруа, ал тетелес ағам Қази сол кездегі аудан орталығы Қармақшыда «Халық тұрмысы» деп аталатын дүкеннің меңгерушісі болатын. Адамгершілік қасиетті жиып қойып, белсенділер қолдарындағы істік темірлермен қораларды, ауланы  шұқылап, тескілеп тінту жүргізді. Олардың біреуі пұшық-маңқа (кейіннен осы төңіректе молдалық жасады), екіншісі ақсақ, қалғандары соқыр, құдай оңдырмаған кісілер еді. Ештеңе таба алмаған белсенділер  сексеннің бесеуіне келіп, ақ сәлделі ,ағаш төсекте аруақтай болып жатқан әкеме тиісіп, «Осы шалдың астында ат басындай алтын бар» деп әлек салды. Ештеңе таба алған жоқ. Әкемнің төсегінің тұсында тұрған, інілері сыйға тартқан жолбарыс терісін бағалы зат ретінде алып кетті. Сол жылдардың басында қызметке ерте араласқан Қази ағам Қармақшы жақтан  тұқымы тәуір күрең қасқа құнан әкеліп берген еді.Ауламыздың шығыс жағында шеңгел, жидесі қалың сәйке болатын, сол сәйкенің жар қабағын жарып, жертөле қазып, құнанды ұстадым. Мезгіл көктем уақыты болатын, құнанды сырт көзден тасалап,бойын жазып та алатынмын. Көп ұзамай менің мініс атын жасырып отырғаным белсенділердің құлағына тиіп, тауып бердің астына алды. Мен оларды ертіп барып жараулы тұрған, қол-аяғы балғадай құнанды көрсеткенімде, олар естерінен танып, өзара «мен мінемін» деп дауласып, араларындағы үлкені пұшық-маңқа егелік жасайтын болды. Ол кезде мен де «орда бұзар» отыздың ішінде едім, бойымда қуат, қолымда күшім бар,бір- екі адамға бой бермейтін шағым еді. Өзім аңшымын, қолымда «Берденка» мылтығым бар. Аудан орталығы Қармақшыда мехзаводы салынып, Жезқазған кенін игеруге техника, құрал- жабдықтар тасылып жататын. Мәскеуден, басқа да қалалардан келген  орыс инженерлері, мамандары көп болатын. Оларды демалыста Қази ағам ауылға алып келіп ,біздің үйде болып, аң аулап демалып қайтатын. Оқ- дәрі, басқа да құрал- жабдықтарды маған әкеліп беріп тұратын. Осындай тіршіліктерімізді белсенділер көре алмайтын. Күрең қасқа құнанымның қолымнан кететіндігіне көзім жеткеннен кейін, қулыққа бастым.

- Жарайды, құнанымды рақаттарыңа мініңдер, қолымда балаша ұстаған ақ адал малым еді, мініп бойын жаздырып, аяқ алысын көрсетіп берейін,-  деп, үстіне қарғып міндім де, белсенділердің алдында ойқастап, желдіртіп жүрдім де, қамысына ит тұмсығы өтпейтін, жанкешті адам болмаса бара алмайтын, өзім аң атып кәсіп жасап жүрген « Табан көлге» аттың басын жіберіп, тартып кеттім. Құлағыма артымдағы         «Тоқта, көресің әлі»,- деген белсенділердің шуылдаған сөздері естіліп жатты.  Ертеңіне Қармақшыдан Қази ағам жіберген адам келіп, құнанды алып кетті. Көлде төрт-бес күн жатып, аң-құс атып, үйге кештетіп келсем, белсенділер торуылдап жүр екен. «Құнанды аралда қасқыр жарып кетті, нанбасаңдар барып көріңдер»,- деп, оларды сендіруге мәжбүр еттім... 1984 жылы мен «Аққұм» кеңшарында партком хатшысы қызметінде жүргенімде, ауданымызға белгілі азамат ұзақ жылдар сауда саласында басшы қызметте болған, кейін жасы ұлғайып, зейнетке шықса да, кеңшарда гидротехник болған Сабытов Жәлел ақсақалмен сыйластықта болдым. Ол кездері шаруашылық дүрілдеп, дала қосы егіншінің екінші үйіне   айналған кез болатын. Тамыз айының бір күні күріш аралап дала қосына келсем, Жәкең демалып жатыр екен. Сәлем бердім. Ол кісі менің туған- туыстарым туралы сұрап, әңгімеге тарта бастады. Мен әкемнің бауырларының аттарын атап, солардың бірі Қази деген кезімде , « Айтуаров Қази ма?»– деп, жатқан орнынан басын көтеріп алып,өзінше бір тұңғиық  ойға кеткендей болды.

     - Мен,- деп бастады сөзін Жәкең,-отызыншы жылдардың ортасында Қармақшы аудандық тұтынушылар одағының төрағасы болып қызмет атқардым. Қази аудан орталығындағы «Халық тұрмысы» әмбебап дүкенінің меңгерушісі болды. Ол кісі менен бес-алты жас үлкен болатын. Мінезі салмақты,ісіне мәрт, сөзіне сертті, өзім деген адамға жанын беруге дайын тұратын, қандай орта болса да тіл табыса білетін қоғамшыл азамат еді.Екеуміз жерлес, туыс, ағалы -інілідей болып кеттік. Қазекең елден алдырған жарақты күрең қасқа атын қызметке мініс көлігі ретінде одаққа берген болатын. Ол атты үнемі мен бастық ретінде мінетін едім дегенде, менің әкемнің аға аманатын орындаудағы жанын шүберекке түйіп, жануарды сол жаққа жеткізгендігі туралы қысқаша баяндап бердім. Жәкең басын шайқай үнсіз тыңдаумен болды. Сөзін одан әрі жалғастырған Жәкең:

     - Отызыншы жылдардың соңында  біздің артымызға да тығыр таяна бастады. Аудан басшылары ұсталып кетті. Мені де ұстауға әрекет жасала бастады. Қазекеңе «Бұл жұмысты таста, еліңе қайт»,- деп кеңес бердім. Менің де басыма қара бұлт үйірілді. « Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» дегендей, Қазекеңнің күрең қасқа атын мініп алып, түнделетіп  Жалағашқа жетіп, « Водокачкадағы»     ағайынның үйіне қондым. Таң алдында ұсталдым. Он жылға сотталдым.Сұлутөбедегі қамыс заводында қызмет атқардым. Мерзімім бітіп, ақталдым. Еліме оралып, сауда саласында басшылық қызметте болдым,- деп Жәкең өз өмірін қысқаша баянда, көпке дейін үнсіз отырған Жәкең:

 - Естуімше, Қази ұсталудан аман қалып, соғыста хабар-ошарсыз кетті дейді,- деп өзінің сұрағанына өзі жауап бергендей болды. Мен де Қази әкем туралы, отбасы, балалары жайлы мағлұмат бердім. Жәкең де сол бір қиын-қыстау өмір  жолдарын тағы да көз алдына елестеткендей біраз уақыт үнсіз отыр да:

       - Ой, дүние-ай!- деп, төсегіне қисая кетті. 

басқа жаңалықтар