Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Кызылординская область

Абыройы асқақ, мерейі үстем ауыл

                                Абыройы асқақ, мерейі үстем ауыл

Барлығымыздың шыққан жеріміз, өскен, өнген ортамыз – ауыл. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортаны іздеп, ата-әжелеріміздің әңгімесін естігіміз келсе де, ұлттық тағамдардың дәмін сағынсақ та бірінші кезекте есімізге ауыл түседі. Ауылға барғың кеп тұрады.

 Қазақ ауылда өскен. Ауылда еңбек еткен. Ауылда ұрпағын өрбітіп, тәрбиелеген. Бір сөзбен айтқанда, қазақ үшін ауыл – алтын бесік, қасиетті мекен, құтты орта. Қазақы тәлім-тәрбиенің ордасы. Бір жағынан ауылды ана тіліміздің алтын діңгегі, бастауы десек те қате болмас. Уақыт ағымына қарай бүгінде әр нәрсе өзгеріп, ауыл да өз хал-қадірінше тіршілік етіп жатыр. Кейбір ауылдардың жағдайы тәуір болға­нымен, кейбірінің тұрмысы алаңдатарлық. Сондықтан, қазақылықтың нышаны болған ауылдың тіршілігінің әрі жалғасын табуы үшін, алтын бесік – ауылды көркейтуге өз үлесімізді қосуымыз керек. Бұл ретте ауыл шаруышылық мен жалпы ауыл жағдайына Елбасымыз ерекше мән беріп, жолдауларында арнайы бағдарламалар мен мақалаларындағы талаптардың маңызы айрықша. "Жақсылық жасауды туған жерден, туған ауылыңнан баста"-деп халқымыз  бекер айтпаса керек-ті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей бүгінде Қызылқайың елдімекені мен Ортақшыл аулының жағдайы ауылдың қарапайым жұртшылығының еңбегі мен үлкендердің ақ батасының арқасында көгеріп, көктеп келеді.

 

     

Қасиетті Сыр топырағының, Шиелі ауданына қарасты Ортақшыл ауылы мен Қызылқайың елді мекендері бүгінде қанатын кеңге жайып келе жатқан ауылдар санатында. Мұнда өндірістің барлық түрін өркендетуге мүмкіндік бар. Ауыл – алтын бесік.  Ортақшылдағы ортақ істердің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында ат тізгінін ауылға қарай бұрдық. Ауыл әкімі Жақсылық Нұриддинұлы өз жұмысына келгенде тыңғылықты жұмыстарда жауапкершілігі зор, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы екенін байқадық. Ә, дегеннен-ақ ауылдың азаматтары бірлесе атқарылған жұмыстың жай –жапсарымен таныстыра жөнелді. Ауылды  түлету, уақыт талабына сай көшін көрікті ету аса маңызды. Бұл орайда өскен өңірін тұғыр етіп, еселі еңбек етіп жүрген азаматтардың игілікті істері көз қуантады. Ауылдарда жалпы нәтижелі жұмыс пен жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары жақсы жүргізіліп келеді. Соның ішінде І бағыты "ұзақ және қысқа мерзімді оқыту" бойынша ағымдағы екі жылда 9 адам бизнес бастау жобасы аясында оқып, сертификат алды. Ал, ауыл шаруашылығына көмек, қаржылай қолдау қоры аясында 3 адам ұсынылды.  Аталмыш жобаның ІІІ "Жұмыспен қамту" бағыты бойынша 30 адам әлеуметтік, тұрақты және ақылы жұмыс орындарында жұмыспен қамтылды. Ауданның экономикалық және әлеуметтік тұрғыда жақсаруына тікелей егін және мал шаруашылығымен айналысатын 17 дара кәсіпкерлер мен "Қауас" ауыл шаруашылық кооперативі бар. Сонымен бірге, "Ынтымақ", "Бақты ата" және "Табиғат" секілді шаруа қожалықтарының ел игілігі үшін орасан зор үлес қосып келеді. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттен грант ұтып алған Жәлелқызы Шара, Сәрсенбаева Назгүл, Бөлегенова Жансара сынды кәсіпкерлер кәсібінің нәсібін көру үшін осы салаға бет бұрды. Атап айтар болсақ, қызмет көрсету саласы бойынша шаштараз ашқан Назгүл Сәрсенбаева осы кәсіпті меңгергеніне ұзақ уақыт болыпты. Мемлекет тарапынан 400 мың теңге грант ұтып алған нәзік жанды кәсіпкер ауыл халқының игілігі үшін жұмыс жасауда. Қазіргі таңда аталмыш қаржыға шаштараз қызметіне қатысты құрал-жабдықтарды әкеліп, мектеп маусымына қарсы жұмысты бастауға сақадай сай дайын отыр.

            Ортақшыл ауылы көгеріп-көктеген, бүгінде Шиелі аудандарының арасында көш бастап келе жатқан ауылдар санатында. Бүгінде ауылда жаңа нысандар бой көтеріп,  кәсіпкерлік бастамалар өз нәтижесін беріп келеді. Соның бірі,  "Табиғат" шаруа қожалығы 1993 жылдан бері ауыл тұрмысы мен халық қажеттіліктері үшін қызмет жасап келе жатыр. Жүнісбеков Құланбай әкеміз бастаған бұл шаруашылықты бүгінде атұстары жалғастырып келеді. Содан бері мінекей бір жыл уақыт өтті.  Небәрі үш қызметкердің ерен еңбегі мен жасап жатқан тірлігі нәтижесіне қожалықтың жағдайы жақсы, жеткен жетістігі мол.

            "Адам еңбек етуге, маңдай тері сорғалап жұмыс істеуге тиіс. Кім болса да, оның өмірінің мағынасы мен мақсаты, оның бақыты мен шаттығы сол еңбекпен ғана келетінін баршамыз білеміз. Менің жасап жатқан қызметімнің негізгі қызметтің негізгі бағыты - төрт түлік мал шаруашылығы. Оның ішінде асыл тұқымды қой, жылқы бағуды басшылыққа алып отыр. Сонымен қатар,  жылқы - малдың патшасы, түйе - малдың қасқасы дегендей сол қасқа түлікті асырап, баптауды қолға алып жатырмыз. Қазіргі таңда жалпы шаруа қожалықтағы 116 га жерде бір отар, яғни, 400 бас уақ мал, 7 бас түйе және  200 қазақтың ақ бас сиыры мен ангус тұқымдас бұқалар бар",-дейді қожалық иесі. Еңбектің берер жемісі бар дегендей, мал шаруашылығымен айналысқан соң одан келер пайда да мол болары анық. Мәселен, мұндағы сиырдың Әулиеата қара аласы сүт бағытында, ангус пен қазақтың ақ бас сиыры ет бағытында өз өнімін беріп отыр. Дегенмен, бұл өнімдер әлі нарыққа шығып, ауылдың қажеттілігіне берілген жоқ. Себебі, ақырын жүріп анық басатын заманда алдымен өзің бағасын беріп, содан кейін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаумен ғана халыққа ұсынған жөн секілді. Мұндағы ірі қара малдар республикамыздағы Жамбыл облысынан әкелінетін көрінеді. Сол себепті де басқа шаруа қожалықтарымен тығыз байланыс орнатып отырудың маңызы айрықша.

            Сонымен қатар, Шиелі ауданы, Ортақшыл ауылында "Табиғат" шаруа қожалығының басшысы Құланбай Жүнісбековтің жетекшілігімен ұлттық ойындардың бірі, ат пен күшті қоса сынайтын көкпар жолға қойылған.  Ауыл жастарын  көкпарға баулып, артынан ерген ізбасарларымен бірге "Ортақшыл ат шығар алаң" деген арнайы алаң ашты. Бүгінде облыс көлемінде өткізіліп тұратын жарыстар мен арнайы турнирлерге қатысып, марапат биігінен көрініп келеді. Шаруашылық төрағасы Жүнісбеков Саяхат Құланбайұлы ауылда атқарылатын әрбір іс-шараларға демеушілік жасап келеді.

            Ауылда ұн және тары өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жасап келе жатқан орталықтың наубайханасы туралы айтпасқа болмас. Жұматаева Халиманың бастамасымен ашылған бұл кәсіп 2011 жылдан бастап өз қызметін жасап келеді. "Ауылда тары болғанымен оны өңдейтін диірменнің жоқтығынан, ұннан жасалатын өнімдердің екі күнде бір келетіндігінен аудан аралап тұрғындар өз қажеттіліктерін алыстан арбалап қанағаттандыратын. Дәл сол уақытта "қайтарымсыз несие" қоғамдық қорының ұйымдастырған байқауына қатысып, 700 мың теңге көлемінде грант ұтып алдым. Түскен қаражатқа диірмен, тарыға керек-жарақтарды алып, кәсібім басталды,- дейді кәсіпкер нәзік жан. Тарының стратегиялық дақыл атануының себебі бар. Бұл дәнді дақыл ұзақ жылдар бойы сақтауға шыдамды. Сонымен қатар адам денсаулығын жақсартуға әсер ететін басты фак­тор­лардың бірі – отыз екі тістің түспеуі болса, үнемі тары тұтынған адамның тісі берік болмақ, дейді дәрігерлер. Ел ішінде тары жөнінде айтылған афоризмдер де жеткілікті.

            2017 жылы "Бастау бизнес және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" жобасы аясында несие алып, нан өнімдерін өндіріп, халыққа ұсыну мақсатында наубайхана жұмыстары басталды. Заманиуи техникамен жабдықталған бұл жерде бүгінде екі адам қызмет жасап келеді. Аталмыш кәсіпке нарық тарапынан, да тұтынушылар тарапынан да сұраныс еш уақытта да бәсеңсімесі анық. Себебі, тамақ өнімдері ішіндегі ең тиімдісі – нан пісіру саласы екендігін баршамыз аян. Сондықтан да нан өнімдері ауданда қазір Хадиша апайдың ерен еңбегінің нәтижесінде кез келген азық-түлік дүкендерінің сөресінен табылады.

            Қызылқайың елді мекенінде Бөреев Өскен Ишанқұлұлының басшылығымен "Бақты ата" шаруа қожалығы 2004 жылдан бері өз қызметін жасап келеді. "Ата бабаларымыздың рухына, сол кісілердің ерен еңбегін үшін қожалық атауы "Бақты ата" деп атадым. Бұл кәсіппен 2004 жылдан бастап айналыса бастадым. Сөйтіп ауылдан 477 га жер алып, онда мал шаруашылына ыңғайлап жерді игеріп, кәсіп бастадым. Бүгінде қожалықта 50 мал басы бар. Бақты ата шаруа қожалығынан бөлек, 2014 жылы жеке жасанды көл жасатып,  балық шаруашылығымен айналыса бастадым. Бүгінде балықтың түр-түрі бар бұл жерде жағдай жаман емес.  Жалпы қарамағымда 5 қызметкер жұмыс жасайды. Алдағы уақытта ауылдан жаңа нысан ашып, мектеп құрылысын бастасақ деген жоспарда бар, - дейді Өскен әкей ағынан жарылып. Өскен әкенің ізбасарлары Бөреева Салтанат әріптестік мақсатта ауылға жаңа амбулатория салып берсе, Бөреев Бақытжан мен Ишанов Арон осы кәсіпті жалғастырушылары болып табылады. Шаруа қожалықта жұмыс істейтін Сейітов Азамат пен Қалиасқаров Мұхиттың еңбегі ерен, бейнеті күшті.

            2011 жылдан бастап ауылда "Ынтымақ" шаруа қожалығы халықтың қошеметіне бөленіп, жаңа нысанда жұмыс жасап келе жатыр. Әбдіқайымов Үмбетияр Еркінұлы бастаған бұл кәсіпте бүгінде екі адам қызмет жасап келе жатыр. "Ауыл шаруашылығын қолдау" бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан  3,8 млн тенге көлемінде несие алып бүгінде шаруашылықтың қарқынды дамуына жағдай жасауда. Соның ішінде 48 аналық сиыр, 25 бас жылқы мен бұқаны асылдандыруға баса назар аударып келеді.

            Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қызылқайың мен Ортақшыл ауылдары бүгінде уақыт тынысына сай тіршілік кешуде. Халықтың тұрмысы жақсы, қасиетті мекендер бүгінде өзге ауылдармен бәсекеге қабілетті. Ол ауылдың жағдайын жасап келе жатқан жеке кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығын көркейтуге өз үлесін қосып жүрген сала мамандарының арқасында. Елбасымыз айтпақшы: "алдымызда әлем бойын­ша дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Сол үшін жұ­дырықтай жұмыла жүріп, жасам­паздықпен еңбек етіп, береке-бірлігімізді баянды етейік".