Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Кызылординская область

Әлем мойындаған ұлы мұрамызды ұлықтай білейік

Әлем мойындаған ұлы мұрамызды ұлықтай білейік

Жуырда 217 мемлекет өкілдерінің қатысуымен өткен ЮНЕСКО-ның кезекті 13-ші сессиясында өзінің ұсынған Қорқыт ата мұрасының аталмыш ұйымның тізіміне енгізілгенін жариялады. Мұны күллі республикамыз сияқты облыс жұртшылығы да Жаңа жыл қарсаңындағы ең бір жағымды жаңалық ретінде жылы қабылдады. Қазір осыған орай ауқымды шаралар белгіленуде. 

Жуырда 217 мемлекет өкілдерінің қатысуымен өткен ЮНЕСКО-ның кезекті 13-ші сессиясында өзінің ұсынған Қорқыт ата мұрасының аталмыш ұйымның тізіміне енгізілгенін жариялады. Мұны күллі республикамыз сияқты облыс жұртшылығы да Жаңа жыл қарсаңындағы ең бір жағымды жаңалық ретінде жылы қабылдады. Қазір осыған орай ауқымды шаралар белгіленуде. 
Қорқыт бабамызды бүкіл түркі әлемінің ортақ қазынасы, ортақ ғұламасы, ортақ мақтанашы десек те өзгелерге қарағанда өзімізге тонның ішкі бауындай жақынырақ сияқты. Олай дейтініміз ол кісі осы осы өңірде өмір сүрді, ойлы пәлсапалық туындылары мен жүрек қылын шертерлік мұңлы саздарында осы Сыр бойында жазған деседі. Мәңгілік жайын да осы Сырдарияның жағасынан таңдауында да терең бір сыр жатқандай. Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан Қорқыт баба кесенесіне бұл күндері аялдаушылар да, үнтаспаға жазылған алынған таңғажайып күйлерін тыңдаушылар да қаншама десеңші!!!
Міне осынау көне мұраларды бізге жеткізген көнекөз қобызшылардың ең соңғы тұяғы 90 жыл жасап, 1979 жылы дүниеден өткен Шәменұлы Смайыл есімді қарт қобызшы болатын болатын. Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылының тумасы 5 жасында ата-анасынан да, қос жанарынан да айырылып, жетімдік пен жоқшылықтың тақсыретін мол тартып өскен зерек бала көп ұзамай қобыздың құлағында ойнайтын тіптен Қорқыт күйлерін сызылтатын дәрежеге жетеді. Қобызшы атамыз кейін соқыр Нышан аталып кетеді. Ұзақ жылдар бойы өзі тұрған үйдің маңындағы бұрынғы новая көшесі қазір сол кісінің атымен аталады. Ал енді бұл күндері ЮНЕСКО тізіміне енгізілген Қорқыт бабамыздың киелі мұрасы алғаш рет Сыр бойындағы үнтаспаға қалай жазылып алынған еді? Соған тоқталғанымыз жөн болар. Не ықылым заманнан бері Алаштың анасы, ұлық тұтар киелі қарашаңырағы атанып келген сұлу Сырды қайсы бір қырынан алып қарасаңыз да, оның әуел бастан дуа дарыған, қасиет қонған, өлмес өнер ұялаған өңір екендігіне көзіңіз жетеді. Көне жазбаларға көз жүгіртер болсаңыз, аталмыш өлкенің ежелден-ақ таңғажайып күйлері және алтынның сынығындай жақұт жырларымен алты Алашқа кеңінен мәлім болғанын көреміз. Бір сөзбен айтқанда атамекеніміздің аспандағы аққуларға үн қосқан күміс көмей, жез таңдай жыршыларымыздың алтын бесігі болғаны ақиқат. Мұны ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Тіптен орыс зерттеушілерінің пікірлеріне жүгінсек те, оның ақиқаттығына шүбә келтіруге болмайды. Әйтпесе, Ресейдің көрнекті өнер зерттеушісі Потанин: «Күллі қазақ сахарасы ән салып тұрғандай»- деп таңдай қағып, тамсанбас еді ғой. Ән-жыр десе алдына келген асының өзін ысырып тастауға бейім, соның жолында басын бәйгеге тігіп өткен Затаевичтің де кезінде жол қиыншылығына қарамастан ұлан-ғайыр қазақ даласын жаяу жалпылап аралап, алтынның сынығындай болып бізге жеткен мыңдаған жәдігерлерімізді жалықпай жинастырып, қайта тірілтуі де тегін емес. Қазақ өнеріне кезінде Пушкин сынды орыстың ұлы ақыны мен Даль есімді ғұлама ғалымының да айрықша қызығушылық танынтқанын білеміз. Тізе берсек, мұндай мысалдарды әрі қарай жалғастыра беруге болар еді. Өкінішке орай мұның бәрін шағын мақаламыздың шеңберіне сиғызу тіптен мүмкін емес. Мұның бәрі сайып келгенде таңғажайып әуендер мен сырлы саздарға бөгіп тұрған қазақ сахарасының абыройын асырып, мерейін тасытар құнды деректенр екені сөзсіз. Осы пікірімізді әрі қарай тереңдете түсу мақсатымен сіздердің назарларыңызға мынадай бір қызықты жайларды сала кеткенді жөн көріп отырмын. Бұл 1964 жылдың көгілдір көктемі болатын. Ол кезде мен Алматы жоғарғы партия комитетінің тыңдаушысы едім. Мемлекеттік емтихан алдындағы 1 айлық өндірістік практикамызды Бүкілодақтық радионың қабырғасында өткізетін болып, Мәскеуге жүріп кеттік. Уақыт тауып арасында орталық кітапханаға бас сұғып, өзімізге қажетті дүниелерге үңілетінбіз. Осы сапарымда мен 1913 жылы жарық көрген 58 томдық музыкалық энциклопедиялық сөздікті ақтарып шықтым. Осынау аса қымбат қазынаның 24-ші томының 146 бетінен мынадай айшықты жолдарды оқығаным бар. «Олардың, яғни қазақтардың, ән-жырлары сан-алуан және бір ғажабы бір-бірін қайталамайды. Аңыз бойынша бір кездері жұмыр жердің үстімен ән-әуелеп, күй қалықтаған көрінеді. Осынау әдемі, әсем әуендер қазақ даласына келіп кеткен сәтте төмендеп, жер бауырлап ұшса керек.

Асылы, қазақтардың ежелден әнші-жыршы болып келгендігінің сыры осында жатса керек.» Орыстың көрнекті ғалымы, өнер саласының білікті маманы Клеменцтің бұл пікірі бізді сонау оғыз-қыпшақ дәуіріне Қорқыт бабамыз өмір сүрген сонау ҮІІІ-ІХ ғасырларға жетелейтін сыңайлы. Қалай дегенде де, мейлі бұл аңыз болсын, қазақтың абыройын аспандатар айшықты жолдар екені ақиқат. Бізге жеткен тарихи деректерге жүгінер болсақ, ұлы ойшыл, керемет күйші, сазгердің кір жуып, кіндік қаны тамған ата жұрты – Сырдария өзенінің төменгі саласына орын тепкен Жанкент шаһарының маңы ғой. Қазіргі географиялық жер атауымен атар болсақ, бұл Қармақшы өңірі болып шығады. Ал, Қармақшы, Қазалы өңірлері қашаннан тума таланттарға, жыршы-жырауларға мейлінше юай өлке. Жүзбенбетұлы Жиенбай, Рүстембек, Көшеней, Балқы Базар, дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Нұртуған, Қарасақал, Ерімбет, Шалмырза, Сәрсенбай, Шәмшат, Тасберген, Қуандық, Сүйінбай, Нұғыман, Кете Жүсіп, Мұзарап сынды жыраулар мен күйшілер шоғыры осы өңірдің төл перзенттері, мақтаныштары болған. 70-ке жуық мақамдар да солардың еншісінде. Бұл сирек кездесетін құбылыс. 
    Әдетте, тақыр жерге егін түгілі далалық шөптің де тамыр байлап, өсіп-өнбейтіні белгілі. Өнердің өркен жайып, дәуірлеуі үшін қолайлы орта, негіз керек-ақ. Ақиқатын айтар болсақ, оның алғы шарты, негізі сонау Қорқыт баба заманынан бастау алып жатқан тәрізді. Мен 30 жылға жуық уақыт бойы, дәлірек айтсам сонау 60 жылдардың орта шенінен кешегі 1995 жылға дейін республикалық радионың Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқардым. Осы жылдар ішінде Сыр бойын мекендеген жүздеген жыршы-термешілердің баға жетпес бай мұраларын зерттеп, үнтаспаға түсіріп алуға ұмтылдым. Сонау 70-жылдары 2-мәрте Алматыдан жылжымалы студиялар шақыртып, көп жәдігерлерді жазып алдық. Олар қазір Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Мен әлбетте, музыка маманы емеспін. Бірақ, халық мұрасын ерекше қастерлейтін қаламгермін. Кішкентайымыздан осы қалада өстік. Войтинцев көшесінің бойында тұрдық. Сұрапыл соғыс жылдарында тым жас болсақ та ата-анамыз осы күнгі ескі базарға жиі жұмсақ керек-жарағын алдыртып тұратын. Ол кезде бүгінгідей таразыдан жеу, алдап-арбау болмайтын. Осы базарға кіре берісте қыл қобызын сарнатып, екі көзі су қараңғы болып қалған кісі отыратынды. Өткен-кеткендер әлгі мұңлы әуенге елітіп, іштегі өзек өртерлік шерін тарқатқандай бір жасап қалатын. Тиын-тебендерін қалдырып, әлгі кісінің ағынан жарылып берген ақ батасын алатын. Базардың дария жақ беткейінде таяқ тастам жерде облыстық әскери комиссариат болатын. Әскер қатарына шақырылған азаматтардан көз сүрінетін. Олар да әлгі кісіні аттап өпей, салем беріп, батасын алушы еді. Тым жас болғандықтан  біз ол кезде осынау құдіретті күйлердің күйлердің байыбына бара бермейтінбіз. Сөйтсек, қобыз шанағынан төгіліп жатқан сұлу саздар Нышан атамыздың өз сарнаулары мен Қорқыт баба туындылары екен ғой. Соқыр нышан тобылғы түстес көне қобызын күйге келтіріп, былайша толғайтын еді-ау.
Есақай Алашаның әулиесі,
Тараған Тұрғанбайдан сөз жүйесі.
Біздерге қалған екен мирас болып,
Солардың берген үлгі-тәрбиесі.
Аттарын атар болсам әлгілердің
Қаратамырда бар Адасқан
Қыпшақта бар Қойлыбай    
Таздарда бар Құттыбай
Өлмес өлең сыйлаған
Бәріне де бір құдай.
Соңынан ерген солардың
Күйші Нышан мен едім.
Көрмейтінім болмаса, 
Кімдерден мен кем едім.
Сарнатқанда қобызды
Өзгелермен тең едім.
Әз боп қалған пендеңді
Бір Алла өзің демегің.
Күллі әулие-әмбие
Аруағыңмен жебегің.
Не өкпе бар Нышанға
Кез болдым мықты тұсауға
Кәрі қыранға ұқсаймын
Қанаты жоқ ұшарға...
Ол кезде біз, әлбетте, ертең өскен соң радиожурналистика саласында қызмет істиміз-ау, әлгіндей кісілердің мұраларын үнтаспаға жазып алып, өзімізден кейінгі ұрпақтарға аманаттаймыз-ау деп ойлаған жоқ едік. Міне, тағы да бізді араға ұзақ жылдар салдыры, әлі жасы 90-нан асқан көнекөз күйшімен қайта қауыштырды. Шынымды айтсам мен 1961 жылдың басында қаңтар айының 7-ші жұлдызында облыстық радиоға қызметке қабылданған кезімнен бастап, Нышан абыздың бай мұрасын жазып алуға ұмтылдым. Бірақ, ол кісіде әлгі аспап болмай шықты. Осылайша біраз уақытымызды өткізіп алдық. Абыз атаның жөн сілтеуімен біраз жерлерді сүзіп шықтық. Өкінішке орай қанша шарқ ұрып іздесек те қобызды қолымызға түсіре алмай қиналдық. Ол кісі көне аспап екі жерден табылып қалар. Бірі Қармақшының Абыласы, екіншісі Сырдария ауданының Бесарығы – деген болатын. Ұрпақтары бізге қимады ма, әлде шынымен жоқ болды ма, әйтеуір араға беделді деген кісілерді салсақ та, ештеңе өндіре алмадық. Сөйтіп жүргенде 1975 жылдың жазы да келіп жетті, сол шамада Қазақ телевизиясы белгілі музыка зеттеушісі, көне аспаптардың нағыз жанашыры. Болат Сарыбаевтың шеберханасы жайлы хабар берді. Соны тамашалаған бойда Алматыда тұратын фольклоршы ағамыз Мардан Байділдаевқа суыт телефон соғып, тым болмаса бірер күнге болса да әлгі көне қобыздардың біреуін тез жеткізуін өтіндім. Ол кісі Сыр бойына келген әрбір сапарында менің жол талғамайтын қызмет көлігімді де, дыбыс жазу аппаратымды да мол пайдаланатын. Араға бірер күн салып Мәкең де жетті-ау. Сөйтіп біз Қорқыт ата күйлерін жазуға кірістік. Күйлерді жазуға Р-6, Р-7 репартерлерін пайдаландық. Бірінің үнтаспасы таусылған уақытта екіншісін қосып отырдық. Жазып алған дүниелеріміздің бірінші бөлімі Нышан абыздың өз сарнаулары, яғни, әруақтарға сыйынып күй шақыруы болса, екіншісі түгелдей Қорқыт ата күйлері еді. Осы сапарда біз Нышан атаның орындалуында Қорқыт бабамыздың «Ұшардың ұлуы», «Башбай», «Әуіпбай, Әуіпбай», «Желмаяның желісі», «Аққу күйі», барлығы 12 күйді үнтаспаға түсіріп алдық. Біздің өтінішіміз бойынша орындаушы әрбір күйдің шығуы тарихы, мазмұны жайлы қысқаша түсініктемелер беріп отырды. Бұл, біріншіден, ол кісінің аздап тыныстап алуына мүмкіндік жасаса, екіншіден орындаушының өз үнінің де таспада қалғанын жөн көрдік. Сонымен, ұзын сөздің қысқасы әлгі касеталарды ертеңіне Мардан аға Алматыға өзімен бірге ала кетіп, ұлттық ғылым академиямыздың М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының алтын қорына табыс етіпті. 
Әдетте қайсы бір күй болмасын оның туындауының себебі, тарихы болары анық. Бізге жеткен, өзіміз үнтаспаға жазып алған барлық күйлердің де осындай тарихы бар екен. Бұл зерттеушілер үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де аса маңызды. Біз осы сапармызда соның бәрін қағаз бетіне де, үнтаспаға да түгел түсіріп алдық. Мысалы, «Желмаяның желісі» деген күйін алыңыз. Ұнда желдей жүйіткіген, шаршап-шалдығуды, еш тыныстауды білмейтін ерекше жаратылған жануардың екпіні айшылық жерді 6 аттар қарышты қадамды, иесіне деген адалдығы атойлап тұрғандай. Немесе, «Ұшардың ұлуын» алыңыз. Еліне елеулі, халқына қалаулы бір абыз ақсақалдың жалғыз ұлы сері болса керек. Сол аң аулау сапарында киелі аңның киесіне ұшырап, қапылыста қаза табады. Араға бірнеше тәулік салып, «Ұшар» есімді тазысы жалғыз орлып, киіз үйдің табалдырығын тырналап, аянышты, мұңлы үн шығарады. Зерделі кісі баласының мерт болғанын бірден сезіп, былайша аңырайды. 
    Аман тұрғанда ай-күнім,
    Жалғызымнан айырылдым.
    Не жаздым екен құдайға,
    Қанатымнан қайырылдым.
    Ұшар-ау, сенің ұлуың,
    Жан-дүниемді қозғады.
    Мерт болды деп қыршыным,
    Бозінгендей боздады.
    Қорқыт бабаның «Әуіпбай, Әуіпбай» атты күйі де 62 тамырыңды иітер өте мұңлы әуен. Ұлы сазгер кілемін жайып тастап, дария үстімен қобызын сарнатып келе жатқанда өзен жағалауынан аш, әбден қалжыраған балалы әйелді көзі шалып қалады. Шырылдаған нәрестесін емізейін десе емшегінен бір тамшы да сүт таппай қиналған анаға қарата Қорқыт ата:
    Қиналдың-ау балам-ай,
    Бөпеңе көңілің алаң-ай.
    Зар жылайсың безектеп, 
    Емізуге сүт таба алмай.
    Айтқанымды менің істейсің,
    Судан қанып ішкейсің.
    Дария суы нәр берер,
    Бойға қуат – әл берер.
Осылайша, қарағым,
Аш нәрестең де әлденер – деп әлгінің үзіліп бара жатқан үкілі үмітін қайта тірілткендей болады. 
Бізге жеткен «Тарғыл тана» атты туындысы да кейбір қаныпезер жандардың табиғатқа, оны мекендеген жан-жануарларға деген қатігездігін, жауыздығын әшкерелейді. Аталмыш күйдің ән бойынан: 
    Менің затым Тана еді,
    Қарадан туған ала едім.
    Өсіп-өнген мекенім,
    Кең жазира дала еді.
    Кезінде мен де дара едім, 
    Әділетсіздікке нала едім.
    Қасқырдан емес ақыры,
    Адамнан болды-ау ажалым.
    Жол торыған қаскөйдің
    Құдай берсін сазайын 
             Арманда кетіп барамын
    Қош аман бол, Қазалым – деген жүрек сыздатарлық мұңлы сарынын естігендей боламыз.
Қорқыт бабаның қайсы бір күйін тыңдасаңыз да, осындай мұңлы әуенге елітіп, ауыр күй кешеріңіз ақиқат. Мұның өзі ізгілік пен зұлымдықтың қашаннан қатар жүретіндігін, сақ болмасаң, әпсәтте-ақ ахал құйрығына түсіп қалуыңның да ғажап еместігін ескеткендей ой түйесіз. 
Қорқыт күйлерін үнтаспаға жазып алушылардың тізімінде мүлдем болмауым мен үшін тосын да, түсініксіз жай болып тұр. 1999 жылы басылып шыққан Қорқыт ата энциклопедиялық жинақта ұлы сазгер туындыларын Мақаш Тәтімовтың тапсырмасымен Мардан Байділдаев жазып алған – деген жолдар жиі ұшырасады. 
Өздеріңіз білесіздер 1999 жылы 5-7 қаоаша күндері осы Қызылордада «Қорқыт және түркі әлемі» атты ғылыми-пракикалық конференция, «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» деген атаумен халықаралық дәстүрлі саз фестивалі болып өтті. Мұның алдында Қорқыттанушылардың бас қосуы болды. Өкінішке орай бұлардың бірде-біріне мен шақырылған емеспін. Сонда қалай бейнетті біреу көріп, абыройды өзгелер иелену керек пе? 
1996 жылы «Заман Қазақстан» газетінің 7-ші маусымдағы санында менің «Қорқыт күйлері қалай табылған еді» деген мақалам жарияланған еді. Бұл бізге ғана емес, күллі түркі әлеміне түгел тарайтын газет емес пе? Сірә, кітапты құрастырушылар кезінд оған зер салмаған болар. Әйтпесе мұндай олқылыққа әу бастан жол берілмес еді ғой. Қазіргі таңда құжат болмаса, ия мұның хатқа түспесе өзіңнің кім екеніңді дәлелдеу де қиындап барады ғой. Мен де осылайша ұзақ жылдар бойы екі-ұдай күй кештім. Бірақ, Қорқыт күйлерін қайта тірілтіп, азаматтық іс атқарғаным имандай шындық. Мұны кез-келген уақытта нан ұстап, құран ұстап тұрып батыл айта аламын. Осы сәт ерекше құрмет тұар ағамыз филология ғылымдарының докторы, профессор, сүйікті ұстазым, белгілі түрколог Әуелбек Қоңыратбаевтың ағынан жарылып айтқан мына бір сөзі еріксіз ойға орала береді. «Сен өзге әріптестеріңдей емес халқымыздың көне мұраларын көп насихаттап жүрсің. Әсіресе, Сыр сүлейлерін жарқыратып көрсетудегі еңбегің ерекше. Саған ел риза, әруақ риза, шырағым. Бұл аз олжа емес, әлбетте. Ал Нышан абыздың орындауында Қорқыт күйлерін жазып алып, ұлы бабаның қайта тірілтуің – бұл ерлікке пара-пар тірлік басқасын былай қойғанда осы еңбегіңнен-ақ сенің тарихта қаларың ақиқат» – деген еді жарықтық.
Әлбетте, мен тарихта қалу үшін тер төккенім жоқ.  Бабаларымыздың әруағы, рухы разы болсын – деп көне мұраларға көбірек ден қойғаным рас. Бұл үшін маған ешкім қаламақы төлеген емес. Әуекеңнен өзге кісілер рахметін де айтқан жоқ. Тіптен мынауың дұрыс болған екен – деп қызығушылығын да танытпады. Мейлі ғой, бұған өкпелеуге болмас – деп ойлаймын. 
Жасым 80-нің сеңгіріне таяп қалса да мен ешқашан да, өзімді өзім жарнамалап, еңбегімді пұлдаған жан емеспін. Әл-қадірімізше ел-халыққа пайдалы, шарапаты тиер іс атқардым. Көп дүниелеріміз қазақ радиосы мен Қазақстан-Қызылорда телеарнасының алтын қорына сақтаулы тұр. Облыстық Мәдениет басқармасы және шығармашылық орталықтың бастамасымен шығарылғалы жат­қан музыкалық антологияға осы дүниелердің көпшілігі енгізілмекші. Олай болса көп жылғы еңбегіміздің босқа кетпей, кәдеге жарағаны. Бұған да шүкіршілік етеміз.

 

Другие новости